Аңдатпа
Бұл зерттеуде STATISTICA бағдарламалық ортасында жүзеге асырылған үш факторлы Box–Behnken тәжірибелік жоспары қолданылып, асфальтобетон қоспаларының жылуөткізгіштігі мен беріктік қасиеттеріне бағытталған математикалық модельдеу нәтижелері ұсынылды. Модельдеуде қарастырылған негізгі айнымалы факторлар – технологиялық өңдеу температурасы, термиялық әсер ету ұзақтығы және қиыршық тас пен битумның қоспадағы арақатынасы болды. Зерттеудің басты мақсаты – асфальтобетонның жылу-техникалық және механикалық көрсеткіштеріне құрам мен термиялық қатайту жағдайларының әсерін сандық тұрғыдан бағалау. Бұл көрсеткіштер әртүрлі климаттық жағдайларда жол құрылымдарын тиімді жобалау, салу және ұзақ мерзімді пайдалану үшін ерекше маңызға ие. Факторлардың статистикалық маңыздылығын анықтау мақсатында дисперсиялық талдау (ANOVA) жүргізілді. Жауап функциялары үшін регрессиялық теңдеулер құрылып, жауап беттерінің графиктері мен негізгі әсерлердің профильдері жасалды. Нәтижелер битум мөлшері мен өңдеу температурасының беріктік сипаттамаларына айтарлықтай ықпал ететінін, ал жылуөткізгіштіктің параметрлердің өзгерісіне төменірек сезімталдық танытатынын көрсетті. Детерминация коэффициенттерінің (R² және түзетілген R²) жоғары мәндері статистикалық модельдер мен тәжірибелік деректер арасындағы сәйкестікті растады. Сонымен қатар, асфальтобетонның жылутехникалық қасиеттеріне сүйене отырып, жол жабындарының тоңу тереңдігі мен топырақтың есептік ылғалдылығына байланысты инженерлік есептер орындалды. Бұл нәтижелер ұсынылған модельдің практикалық құндылығын дәлелдеп, қоспа құрамын оңтайландыру арқылы жол жабындарының беріктігін арттыруға, энергия тиімділігін жоғарылатуға және нормативтік құжаттарды жетілдіруге мүмкіндік беретінін көрсетті.