Аңдатпа
Зерттеу жұмысының өзектілігі ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру және қоршау конструкциялары арқылы болатын жылу жоғалтуларды азайту қажеттілігімен негізделеді. Қазіргі құрылыс саласында материалдардың беріктігі мен ұзақ мерзімділігін сақтай отырып, жоғары жылулық қорғаныс деңгейін қамтамасыз ететін оңтайлы конструктивтік шешімдерді табу маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Бұл жұмыста гипс сылақ, керамикалық кірпіш, цемент-құм ерітіндісі және қаптама плиткадан тұратын, минералды жүн қабатымен толықтырылған қабырғалық құрылым қарастырылды. Зерттеу әдістемесі ELCUT бағдарламалық кешенін пайдалану арқылы жылу процестерін математикалық модельдеуге негізделген. Бұл тәсіл жылу өткізгіштікке қарсы кедергісін, температураның таралуын және көпқабатты жүйеде ылғалдың конденсациялану қаупін талдауға мүмкіндік берді. Талдау барысында жылу оқшаулау қабатының ішкі және сыртқы орналасуының екі нұсқасы салыстырылды. Нәтижелер сыртқы жылу оқшаулау нұсқасының тиімдірек екенін көрсетті, себебі ол температураның біркелкі таралуын қамтамасыз етіп, құрылымдық деформация мен сыртқы орта әсеріне төзімділікті арттырады. Ал ішкі оқшаулау, керісінше, несущи элементтердің салқындауына және беріктіктің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Зерттеу нәтижелері жылутехникалық және пайдалану сипаттамаларын ескеретін кешенді жобалау тәсілінің қажеттілігін дәлелдейді. Алынған мәліметтер энергия тиімді және экологиялық тұрғыдан тұрақты ғимараттарды жобалауда қолдануға болады.

