Аңдатпа
Аңдатпа. Цементті ұнтақтау процесінің энергетикалық шығынының жоғары екенін ескере отырып, жаңа және тиімді жеделдеткіштерді әзірлеу өзекті мәселе болып табылады. Бұл жұмыстың мақсаты – кілем өндіру және газ өңдеу қалдықтарынан алынған екінші реттік шикізаттан ұнтақтау жеделдеткіштерін әзірлеу және олардың модификацияланған цемент тасының құрылымы мен беріктігіне әсерін зерттеу болып табылады. Жұмыста шикізат пен алынған ұнтақтау жеделдеткіштерін физика-химиялық талдау әдістері, сондай-ақ цемент тасын сынаудың стандартты әдістері қолданылды. ГИПАН (гидролизделген полиакрилонитрил) мен диэтаноламиннің өзара әрекеттесуі арқылы тиімді жеделдеткіш алу мүмкіндігі анықталды. Ұнтақтау жеделдеткіштерінің оңтайлы мөлшері 0,01% деп анықталды, бұл модификацияланған цемент тасының беріктігін 31,2%-ға арттыруға және сусұранысын 11%-ға азайтуға мүмкіндік береді, бұл эффект цемент бөлшектері арасындағы электрокинетикалық потенциалды төмендетудің және цемент бөлшектерінің ұнтақтылығын арттырудың қосымша әсерінен болатын гидратациямен түсіндіріледі. Физика-химиялық талдау әдістері модификацияланған цемент тасы үлгісінде бос күйіндегі судың іс жүзінде болмайтындығын және цемент тасының құрылымын қалыптастыру әлдеқайда жоғары дәрежеде жүзеге асқанын анықтады.

Это произведение доступно по лицензии Creative Commons «Attribution» («Атрибуция») 4.0 Всемирная.
Copyright (c) 2026 Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының хабаршысы