Аңдатпа
Ғылыми мақалада Екібастұз ГРЭС-нің ірі тоннажды техногендік қалдығы болып табылатын ұшпа күлді құрылыс материалдарының, атап айтқанда, цементті композициялар мен гиперпрестелген бұйымдардың құрамында тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты қарастырылған. Зерттеудің басты ғылыми жаңалығы мен негізгі мақсаты – жоғары кремнийлі (қышқыл) күлдің төмен гидравликалық белсенділігін натрий гидроксиді (NaOH) ерітіндісімен хемоактивациялау әдісі арқылы арттыру және оның гиперпрестелген кірпіштің физика-механикалық қасиеттеріне әсерін ғылыми негіздеу болып табылады. Эксперименттік зерттеулер барысында ұшпа күлді белсендіру үшін натрий гидроксидінің (NaOH) 2%, 4% және 6% концентрациялы ерітінділері қолданылды. Зерттеу нәтижелері сілтілік реагенттің концентрациясы артқан сайын күл бөлшектерінің беткі қабатындағы аморфты фазаның еруі жеделдеп, цемент тасының гидратация процестерінің қарқынды жүретінін көрсетті. Атап айтқанда, NaOH 4% концентрациясында хемоактивацияланған күлді қолдану цементті композицияның тығыздығын айтарлықтай арттырып, ерте және жобалық (28 тәулік) мерзімдегі беріктік көрсеткіштерін бақылау үлгілерімен салыстырғанда 15-20%-ға жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мақалада гиперпрестелген кірпіштің микроқұрылымына жасалған рентгенфазалық және электрондық-микроскопиялық талдаулардың нәтижелері келтірілген. Бұл талдаулар күлді химиялық белсендіру нәтижесінде қосымша кальций гидросиликаттарының түзілетінін және материалдың кеуектілігі төмендеп, құрылымының нығая түсетінін дәлелдейді. Жұмыстың практикалық маңыздылығы құрылыс индустриясында қалдықтарды кәдеге жарату деңгейін арттыруға, цемент шығынын үнемдеуге және экологиялық қауіпсіз, беріктігі жоғары гиперпрестелген бұйымдарды алу технологиясын жетілдіруге бағытталған. Алынған нәтижелер Екібастұз аймағындағы экологиялық жағдайды жақсартуға және құрылыс материалдарының өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Это произведение доступно по лицензии Creative Commons «Attribution» («Атрибуция») 4.0 Всемирная.
Copyright (c) 2026 ҚазБСҚА Хабаршысы

