Аңдатпа
Мақалада әлсіз топырақтарда салынған теміржол үйінділерінің тік деформацияларын азайтудың тиімді тәсілдері қарастырылған. Зерттеу барысында жауын-шашын әсері, пойыз жүктемелерінің артуы, осьтік күштер және биіктігі 1–12 м аралығындағы үйінділердің әсері ескерілді. Әлсіз негізде орналасқан үйінділердің кернеулі-деформацияланған күйі соңғы элементтер әдісіне негізделген сандық модельдеу арқылы, тәжірибелік және эмпирикалық деректерді пайдалана отырып талданды. Сазды топырақтардың деформациялық сипатына және теміржол үйінділерінің жұмыс қабілетіне статикалық және вибродинамикалық жүктемелердің әсері зертханалық сынақтар мен сандық модельдеу арқылы бағаланды, бұл ретте сүзгілік тығыздалу мен уақыт факторы ескерілмеді. Зерттеу барысында нығайту әдістерінің бірнеше түрі қарастырылды, соның ішінде тұрақтандыру бермалары, әлсіз топырақты ішінара алмастыру және цементтік күшейту тәсілдері. Әртүрлі нығайту нұсқалары үшін кернеулі-деформацияланған күйді бағалау мақсатында соңғы элементтік модельдер әзірленді. Нәтижелер, кешенді нығайту шараларын қолдану тік шөгулерді 35–40 %-ға, ал көлденең орын ауыстыруларды 25 %-ға дейін азайтуға және теміржол үйінділерінің қызмет ету мерзімін едәуір ұзартуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Алынған нәтижелер әлсіз топырақтар жағдайында қолданылатын оңтайлы материалдарды, нығайту технологияларын және инъекциялық әдістерді таңдауға арналған ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді және теміржол инфрақұрылымының сенімділігі мен пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

