ФОТОГРАММЕТРИЯ — ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ СӘУЛЕТІН САҚТАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ҚҰРАЛЫ РЕТІНДЕ
PDF (English)

Кілт сөздер

фотограмметрия, ұлттық сәулет, сәулет мұрасы, композициялық талдау, 3D Zephyr

Аңдатпа

Мақала фотограмметрияны сәулет тәжірибесінде қолдануға және оның Қазақстанның ұлттық сәулетін дамытудағы рөліне арналған. Бұл технология сәулетшілерге өлшеулерді жедел және дәл орындауға, пропорцияларды бекітуге және объектілердің визуалды ерекшеліктерін сақтай отырып, үш өлшемді модельдерін жасауға мүмкіндік беретін заманауи құрал ретінде қарастырылады. Зерттеудің мақсаты — жобалау шешімдерінің сапасын арттыру және шығармашылық ізденісті қолдау үшін фотограмметрияның мүмкіндіктерін анықтау. Жұмыс әдісі квадрокоптер немесе смартфон арқылы фото және бейне түсіруге негізделген. Алынған материалдар «3D Zephyr» бағдарламалық ортасында өңделіп, нүктелік бұлт пен кеңістіктік модель құрылды. Бұл тәсіл қымбат жабдықты қолдану қажеттілігін жояды және сәулетшіге үш өлшемді модельдерді жобалау процесіне біріктіруге арналған қолжетімді құрал береді. Зерттеу нәтижелері фотограмметрияның өлшеу жұмыстарына кететін уақытты қысқартуға, пропорцияларды нақтылауға және нобай кезеңінде қателерді анықтауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Қозы Көрпеш–Баян Сұлу және Жошы хан кесенелерінің мысалында архитектуралық мұраны цифрлық түрде сақтау және болашақта қалпына келтіру үшін пайдалануға болатын виртуалды модельдер жасау мүмкіндігі дәлелденді. Мұқағали Мақатаев ескерткішінің авторлық жобасында бұл технология мүсін мен тұғырдың арақатынасын дәл анықтауға, композицияның көркемдік мәнерін күшейтуге және келісу процесін жеделдетуге мүмкіндік берді. Фотограмметрияны қолдану тәжірибесі оның заманауи сәулет тәжірибесі үшін маңыздылығын айқын көрсетеді. Бұл технология жобалау, реставрациялау және цифрлық консервациялау үдерістерін біріктіре отырып, дәстүр мен инновация арасындағы байланысты нығайтады және Қазақстанның ұлттық сәулетін сақтау мен дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.

PDF (English)