Аңдатпа
Бетоннан жасалған гидротехникалық ғимараттарының құрылымдарына өндірістік және табиғи факторлардың әсерінен туындайтын зақымдану механизмдері мен деградация заңдылықтары зерттелді. 2015–2025 жылдар аралығындағы ғылыми әдебиеттер, далалық зерттеу нәтижелері және нормативтік құжаттар кешенді түрде талданды. Алынған нәтижелерді жүйелеу үшін құрылымдық-механикалық талдау әдістері және технологиялық шешімдердің тиімділігі мен ұзақмерзімділігін салыстыру тәсілдері қолданылды. Негізгі зақымдану механизмдері ретінде кавитация, цемент тасының шайылуы, арматураның коррозиясы және температуралық шаршау анықталды. Ультраберік талшықты бетонды (UHPFRC) қолдану кавитациялық тозу қарқындылығын 3-4 есеге дейін төмендететіні, ал биобетондарды пайдалану микрожарықтардың ішінара өздігінен бітелуін және құрылымдардың ұзақмерзімділігін 25-40 % арттыратыны дәлелденді. Зақым түрі мен тереңдігіне қарай ақаулардың жіктелуі жасалды, бұл пайдалану жағдайлары мен бұзылу сипатына сәйкес қалпына келтіру технологиясын негізді таңдауға мүмкіндік береді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы бетонның деградациясын бағалаудың жүйелік тәсілін ұсыну мен гидротехникалық ғимараттардың қызмет ету мерзімін ұзартуға бағытталған композиттік материалдарды қолдану бағыттарын негіздеуде көрініс табады.