Аңдатпа
Аңдатпа. Мақалада Қазақстанның Жетісу облысында орналасқан Шатырбай ауылының негізінде шағын елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылады. Шағын елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелелері климаттың өзгеруі, ресурстардың жетіспеушілігі, ауыз су сапасының төмендігі, инфрақұрылымның тозуы және т.с.с. сияқты бірқатар экологиялық, әлеуметтік, экономикалық және техникалық факторларға байланысты. Барлық дерлік шағын елді мекендерде халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жер үсті су көздері пайдаланылады, ал олардың сапасы жыл сайын нашарлап келеді. Жер үсті суларының сапасы жеткіліксіз болған жағдайда, авторлар тұрақты құрамы мен табиғи сүзілуімен сипатталатын жер асты көздерін пайдалануға көшуді ұсынады. Халықты сапалы сумен қамтамасыз етудің балама көзі ретінде жер асты суларын пайдаланудың артықшылықтары мен шектеулері талданады. Зерттеуде жер асты суларын тұтынуға жарамды ету үшін оларды тазартудың тиімді шешімі ретінде су дайындаудың блокты-модульді жүйесі (БМСД) ұсынылған. Технологиялық сызба суды механикалық тазалау, аэрация, сүзу, мөлдірлеу, минералсыздандыру және ультракүлгінмен зарарсыздандыру кезеңдерін қамтиды. Күтілетін нәтижелер – лайланудың төмендеуі, нитраттардың және темір концентрациясының азаюы, су кермектігінің төмендеуі жатады. Бастапқы және тазартылған суды талдау нәтижелері бойынша бұл жүйені қолдану ластаушы заттардың концентрациясын санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға дейін тиімді төмендетуге, ауыз су мен тұрмыстық қажеттіліктер үшін судың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні көрсетілген. Ұсынылып отырған су дайындау жүйесі осы аймақтағы жер асты суларының ерекшеліктеріне бейімделген және шалғайдағы елді мекендер үшін экономикалық негізделген шешім болып табылады.